ӘОЖ 82-7
ХҒТАР 17.07.41
DOI 10.56525//ZGTU5293
ӘБІШ КЕКІЛБАЕВТЫҢ
ТЫРНАҚАЛДЫ ТУЫНДЫЛАРЫ
ҚАБЫЛОВ Ә.Д.
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар
және инжиниринг университеті
Ақтау, Қазақстан
Е-mail: [email protected]
Аңдатпа. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың әдеби-шығармашылық мұрасы қазір жан-жақты зерттелуде. Оның шығармашылығына деген ғылыми қызығушылық суреткердің көзі тірісінде басталып, көптеген ғылыми зерттеулер жазылып, диссертациялар қорғалды. Сол жақсы үрдіс бүгінде заңды жалғастығын тауып, әбіштану деп аталатын кең арналы ғылыми салаға ұласуда. Жазушының әдеби мұрасының әр қырынан, түрлі ғылыми парадигма мен теориялық-көркемдік талдау тұрғысынан зерделене беретіні сөзсіз. Тұлғатану мен әдеби шығармашылықты зерттеуде дереккөздердің молдығы мен мейлінше толымдылығы маңызды. Бұл орайда, жазушының алғаш қолға қалам алып, газет беттеріне жариялана бастаған өлеңдері мен мақалаларының да өзіндік орны бар. Жақында Ә.Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлері жазушының 1953-1958 жылдары жергілікті мерзімді баспасөз құралдарында жарық көрген тырнақалды туындыларының жиынтығын құрайтын библиографиялық көрсеткіш дайындап шығарды. Бұл еңбек екі бөлімнен тұрады: алғашқы бөлімде жазушының мақалалары мен өлеңдерінің библиографиялық көрсеткіші түзіліп, екінші бөліміне олардың мәтіні берілген. Сөйтіп, жалпы саны 42 (34 мақала, 8 өлең) туынды жинақталыпты. Көрсеткіштің басында берілген музей директоры С.Құдайбергеннің алғысөзі де жұмыстың мақсаты мен құрылымын ашып тұр. Жазушының тырнақалды мақалалары мен бұрынғы жинақтарына енбеген алғашқы өлеңдерінің тізімімен қатар мәтіндерінің берілуі еңбектің жинақтаушылық сипатын көрсетеді. Бұл библиографиялық көрсеткіш болуымен қатар, жазушының тырнақалды туындыларын қамтитын шағын жинақ деуге болады. Ол болашақ Ә.Кекілбаев шығармашылығын зерттеушілер үшін де қажетті құрал бола алады. Мұндай мәліметтер мен деректер үздіксіз жинақталып, толықтырыла бермек. Бұл мақалада жазушының мектепте оқып жүрген кезінде жазған алғашқы өлеңдері мен мақалалары қарастырылып, олардың мазмұндық-идеялық бағдары мен көркемдік ерекшеліктеріне талдау жасалады. Жас талапкердің әдебиетке, әсіресе поэзияға деген талпынысы мен көркемдік ізденістерін танытатын мұндай дүниелерді ғылыми тұрғыдан зерделеу – қаламгердің ақындық қалыптасу бастаулары мен шығармашылық эволюциясын танытары анық. Жас автордың дүниеге көзқарасы, қоршаған орта, ел мен жер тағдырына алаңдаушылығы қандай қадамдардан басталғаны теориялық тұрғыдан пайымдалып, ғылыми баға беріледі.
Түйінді сөздер: поэзия, өлең, мақала, тақырып, мазмұн, идея, шығарма құрылымы, сюжет, композиция, ақын, көркемдік.
Кіріспе. Әрбір таланттың шығармашылыққа келу тарихы болады. Әдебиет секілді образды көркем ойлау мен жазу шеберлігіне негізделген өнер иесі болу үшін ондай қабілет, әдетте, адамның жас кезінен қалыптаса бастайды. «Бола бала жасынан» демекші, өзінің бейіміне қарай, жас кезінен қабілетін шыңдап жетілген адамның болашақ мамандығына ерте араласып, жақсы жетістіктерге жету ықтималдығы жоғары. Кейбір көрнекті жазушылардың ілкіде басқа мамандық алып, бірақ кейін жазушылыққа оралуы да осы бойындағы таланттың ырық бермей, өз орнын табуына байланысты десек те болады. Ал ойындағы қабілетін ерте байқап, талантын ерте шыңдаған адамның табысқа да ерте жетіп, талантын ерте мойындата алары ақиқат.
Ә.Кекілбаевтың әдебиетке жастайынан үйір болғаны туралы жазушының өз естеліктерінде де, замандастарының еңбектерінде де айтылады. Оның мектепте жүрген кезінен бастап өлең жаза бастағаны, аудандық газет бетінде өлеңдері мен мақалалары жарияланып тұрғаны белгілі. Кейін облыстық және республикалық басылымдарға жол ашылады. Оның облыстық газетке жариялана бастауы туралы белгілі әдебиеттанушы ғалым Қ.Жүсіп былай деп жазады: «Әбіш өлеңдері «Социалистік құрылыс» газетінде 1955 жылдан жариялана бастады. Бұл кездерде Атыраудың бас ақындары Фариза Оңғарсынова, Меңдекеш Сатыбалдиев, Марат Ысқақов, Рахмет Иманғалиев және т.б. өлеңдері газеттің «Әдебиет бетінде» үнемі жарық көретін. Аталмыш газет 1956 жылы жас ақындар өлеңдерінен құрастырылған «Алғашқы адым» атты кітапшаны облыс баспаханасынан басып шығарды. Онда облыс халқына қаламгер ретінде танылып қалған Жұмаш Нақбаевтың, Шәкенғали Дәуеновтің, Төлеубай Ысқақовтың, Жәрдем Тоғашевтың, Марат Ысқақовтың өлеңдерімен қатар, әлі мектеп қабырғасында жүрген Меңдекеш Сатыбалдиевтің «Колхаз қызы», «Фариза Оңғарсынованың «Шекарадан хат», «Жастық жыры», Әбіш Кекілбаевтың «Колхоз көрінісі» деген өлеңдері оқырмандарды сүйсінткен болатын», – дей келе, сол өннің мына шумағын келтіреді:
Кеше ғана осы жер еді дала,
Сол далаға орнапты жаңа қала.
Көше бойлай тізілген сұлу үйлер
Тұрғандай мерекелі колоннаға» [1, б. 6].
Ал 1957 жылы халық ақыны С.Жаңғабыловпен бірге Қазан төңкерісінің 40 жылдығына орай ұйымдастырылған ақындар айтысына қатысып, жүлделі орынға ие болғанда Ә.Кекілбаев небәрі 18 жаста болатын. Сегізінші сынып оқып жүргенде оның бір жазушының әдебиеттегі жиендік жасағаны туралы мақаласы республикалық «Лениншіл» жас» газетінде жарияланып, зиялы қауым арасында үлкен резононс тудырады. Ол туралы жазушының өзі былай деп еске алады: «Сегізінші класта оқып жүргенде бір қазақ жазушысы мен бір орыс жазушысының екі кітабын қатар оқып қалыппын; сөйтсем екеуі бір-бірінің көшірмесі екен. Тоғазыншы класта оқитын Сәбит Абдуллин дейтін әдебиетқұмар бала екеуміз әлгі ұрлықты айтып мақала жаздық, Ол әдеби қауымды біраз дүрліктіріпті. [2].
Әбіштің алғашқы жазған мақаласы ретінде оның бесінші класта аудандық газетке шыққан «Екпінді егін екпей ме?» деген мақаласы айтылып келді. Колхоздағы кемшіліктер сыналған бұл мақала колхоз басқармасында талқыланып, мақалада көрсетілген кемшіліктер түгел мойындалып, оны жоюдың шаралары қабылданады. «Содан дәндедім бе, аудандық газетті місе тұтпай, орысша-қазақша қысқа хабарламалар жазып, облыстық газеттің бермейтінді шығардым, – деп еске алады жазушы [2].
Ә.Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері құрастырған библиографиялық жинақтың алғысөзінде жоба авторы С.Құдайберген былай деп жазады: «Осы уақытқа дейін жазушының тырнақалды туындысы ретінде мектеп қабырғасында жүріп жазған «Екпінді еңбек етпей ме?» деген сын мақаласы аталып келді. Оны сұхбаттарында өзі де растады. Шындығында, мақала «Егіске әзірлік баяу» деп аталады. «Сталин жолы» газетінің 1954 жылғы 22 сәуірдегі санында жарық көрген. Қолымыздағы газет тігіндісіне қарағанда, алғашқы мақаласы – 1953 жылғы 1 ақпан күні жарық көрген «Ауыл еңбекшілеріне кино көрсету жақсарса екен». Жазушының алғашқы жарық көрген еңбегі ретінде «Егіске әзірлік баяу мақаласын көрсетуіне, мақаланың ұжымшардың басқарма кеңесінде талқыланып, оған балаң автордың өзінің шақырылуы әсер етсе керек», – деген дәлелін келтіреді [3, б. 3-4].
Материалдары мен зерттеу әдістері. Зерттеу материалының теориялық негізіне жазушының мектеп қабырғасында жүрген кезінде жазып, аудандық газеттерге жариялаған мақала, өлеңдері алынды. Солардың негізінде жазушының тырнақалды туындыларының тақырыптық-идеялық, көркемдік ерекшеліктері талданып, әдеби-теориялық тұрғыдан зерделенеді. Зерттеу барысында ақын поэзиясының көркемдік ерекшеліктерін танытатын, ақынның қалыптасу кезеңіндегі шеберлігінің сырын түсінуге септесетін әдеби талдау, тарихи-функционалдық, психологиялық, салыстырмалы-тарихи зерттеу әдістері қолданылады.
Тарихи-функционалдық әдіс жазушының жастық шағындағы тарихи-әлеуметтік кезеңнің ерекшелігіне орай өлеңдері мен мақала-хабарларының идеялық сипатын, тақырыптық ауқымын, ондағы заман ахуалының сырын пайымдауға мүмкіндік береді. Психологиялық әдіс автор мен лирикалық кейіпкердің ішкі әлеміне барлау жасап, олардың жан дүниесін таныта алады. Герменевтикалық әдіс бойынша қаламгер поэзиясының идеялық-тақырыптық мазмұнын ұғына түсеміз. Сол арқылы автор ой-танымының мәнін ұғынып, шығарма өзегіндегі ой арналарын тани түсеміз. Ал салыстырмалы-тарихи әдіс Ә.Кекілбаевтың өз замандас қаламгерлермен үндестігін аңғаруға мүмкіндік береді.
Зерттеу нәтижелері. Белгілі қаламгер Ә.Кекілбаев әдебиетке өлең арқылы келді. Оның 1962 жылы баспадан шыққан «Алтын шуақ» деп аталатын тұңғыш кітабы да – өлең кітабы болатын [4,16]. Онда ақынның шамамен 1958-1962 жылдары, яғни студенттік кезінде жазылған таңдаулы өлеңдері қамтылған. Ал оған дейін жазылған шығармалары болды ма деген сұрақ туады. Бұл сұрақ біреулерді қызықтырып келгенмен, соларды мерзімді баспасөз бетінен (негізі аудандық газеттің) іздеп-тауып, алғаш жинақ қылып шығарған жоғарыда атап кеткен музей қызметкерлері екенін айтуымыз керек. Ол жинақта жалпы саны 42 (34 мақала, 8 өлең) туынды жинақталыпты. Бұдан да басқа, сол кездегі Гурев облыстық және республикалық газеттерде жарияланған туындыларын да түгендеп шығу – болашақтың міндеті. Алайда, әзірше қолда бар туындыларға қарай отырып, болашақ үлкен таланттың алғашқы қадамдарына талдау жасауға болады деп ойлаймыз.
Бұл жылдары оның жазғандарының (газетке жариялағандары) дені шағын мақалалар мен хабарламалар. Онда сол кездегі ауыл өміріндегі, колхоз шаруашылығындағы зәру мәселелер, шешімін күткен шаруалар, еңбекші халықтың тұрмысын жақсартуға кедергі болып отырған жайттар – бір сөзбен айтқанда, ауылдың күнделікті проблемалары көтерілген.
Мысалы, «Ауыл еңбекшілеріне кино көрсету жақсарса екен», «Физкультура-спорт ісін кең өрістетейік», «Халыққа дәрігерлік қызмет ету ісі жақсартылсын», «Мал шаруашылығын өсіріп, өркендетудегі кемшіліктер батыл түзетілсін», «Кино көрсетілсе екен» секілді ұранды-бұйрықты түрдегі мақалаларында, тақырыптың өзі айтып тұрғандай, ауылдың мәдениет, спорт, дәрігерлік көмек, мал шаруашылығы салаларындағы кемшіліктер көрсетіліп, оларды түзету жолдары айтылады. «Оқу үйі қашан жөнделеді?», «Кино көрсетілсе екен», «Оқу үйі жұмыс жасамайды», «Монша жұмысы нашар» мақалаларында да осындай кемшіліктерге шаруашылық басшылары мен ауыл тұрғындарының назарын аудартады.
Ал «Колхоз қабырға газеті», «Алғашқы сабақ», «Комсомол қатары өсуде», «Өлке тану», «Оқушылар конференциясы», «Оқушы-жастар көмегі», «Озат бригада», «Үйірмелер жұмыс жасай бастады», «Жас өнерпаздар концерті», «Көрмеге қызу әзірленуде», «Сертке сай еңбек», «Мектеп оқушыларының спорт жарыстары», «Қол еңбегіне үйренуде», «МТС-ке экскурсия», «Мамандық таңдау кеші», «Кітап қоры молаюда», «Комсомолецтер мен жастар мал азығын дайындау күресінде» сияқты хабарламаларда колхозда болып жатқан жаңалықтарға қысқаша шолу жасалады. «Семья – баланы тәрбиелеудегі басты тұлға» атты мақаласында отбасындағы тәрбие мәселесін көтеріп: «Саналы тәртіп, өзіне тапсырылған істі ұқыптылықпен орындау, өзінің көздеген мақсатына жету үшін күресу, өз халқын сүю, шыншыл болу – совет адамдарының бойына сіңген негізгі қасиеті. Міне, осы ардақты қасиеттерді жас ұрпақтардың бойына сіңіруде семьяның, семьядағы тәрбиенің атқаратын ролі зор», – деп жазады әрі сол үдеден шыға алмай отырған ауылдағы кейбір отбасыларды сынап өтеді [5]. Соғыстан кейінгі кезеңде, ауыл шаруашылығын қалпына келтіріп, еңбекші халықтың әл-ауқаты мен тұрмысын жақсарту міндеті қойылған шақта мектеп оқушысының белсенділік танытып, осындай мәселелердің бәріне үн қосып отыруы – бошашақ қаламгер әрі қайраткердің халықшылдық, елшілдік болмысының ерте бастан қалыптаса бастағанын көрсетсе керек. Ә.Кекілбаевтың аға-досы Л.Сәдуақасов: «Әбіштің қоғамдық белсенділігі оның тума талантына байланысты болса керек. Газет жұмысына ерте араласты, хабарлары, жаңалықтары, сын мақалалары аудандық «Сталин жолы» («Жаңа өмір»), облыстық «Социалистік құрылыс» («Атырау»), республикалық «Лениншіл жас» («Жас алаш») газеттерінде жиі жарияланып тұрды», – деп жазады [6, б. 61].
Әбіштің мектептің соңғы сыныбында оқып жүргендегі және жоғары оқу орнына түсер қарсаңында жазған «Тағы да тұрмыс мәселесін сөз етсек» және «Маңғыстау» деген сөз қайдан шыққан!» мақалаларының орны бөлек. Біріншісінде ауылдағы нақты көріністерді сипаттай отырып, ауыл адамдарының әлі де мәдениетке мән бермей келе жатқан салақтығын, тұрмыс мәдениетінің төмендігін сынап, үйді ұстау, тазалық, киіну, жаңалыққа үйірімсіздік, кітапты қадірлемеу секілді кемшіліктерді ашып айтады. «Мәдениет ат мініп, түйе жетектеп келетін мейман емес. Оны әркім іздене, еңбектене жүріп меңгереді. Өз үйінің босағасынан бастап шаңырағына дейін мәдениетті ұстай білуге мүмкіндік мол. Қиыны, көбімізде тұрмысқа деген құнт қана жоқ. Біздіңше, тұрмыс мәдениеттілігіне жабыла жұмылатын уақыт жетті», – деп түйіндейді [7]. Ал университетке қабылданғаннан кейін жариялаған екінші мақала «Маңғыстау» топонимінің этнимологиясын пайымдауға арналған. Мұнда осы атауға байланысты бірнеше ғалымдардың (М.Қашғари, Ибн-әл-Асир, Якут, Гродеков, Ғ.Мұсабаев) болжамдарын келтіре отырып, Маңғыстау атауын түркмендердің «қой қыстауы» деген сөзінен шыққан деген жорамалын дәлелдейді [8]. Міне, сөйтіп болашақ жазушының мектеп қабырғасында жазған мақалалары әуеліде шағын мақала, хабарламалардан басталса, келе-келе сараптамашылық, проблемалық, ғылыми бағытта қауысып, қаламгерлік-ғылыми қарымын кеңейте түскенін көреміз.
Ә.Кекілбаевтың мектеп қабырғасында жүргенде жазған өлеңдері де түрлы тақырыптарға арналған. Барлық жас талапқа тән тіршілік тыныстары мен көңіл әуендері сыршыл өлең болып төгіледі. Тырнақалды өлеңдерінен де мақалаларындағыдай, ауыл өмірінің түрлі жақтарын пайымдаған сыншылдық сарында да көреміз. Мысалы, фельетон ыңғайында жазылған «Кітапханада», «Клубта» деген өлеңдерін ауылдағы кітапхана мен клубтың жайын сипаттаған сатиралық репортажға жатқызуға болады. Автор мәдениет орындарындағы оралымсыздық пен салақтықты сынайды. Кітапхана мен клубтың жайын нақты көз алдымызға келтіре суреттейді:
Кіре қап ек, тұрып қалдық, таң қалып,
Біле алмай не істеуге тамсанып.
– Шаңға батқан мынау неткен баспана,
– Кітапхана мынау ма, әлде басқа ма?
Деп едік біз арасынан мол шаңның
Меңгеруші даусы шықты жасқана:
– Төрлетіңіз, осы кітапханамыз,
Нанбасаңыз, кітаптарға қараңыз.
Мүліктерді тозаң басып кеткен соң
Анда-санда қағып-сілкіп аламыз... [9, б. 28].
Өткен ғасырдың 50-70 жылдары – қазақ сатирасының қайтадан өрістеп, жаңа биікке көтерілген тұсы болды. А.Тоқмағамбетов секілді сатириктер қоғамдағы кемшіліктерді, әсіресе социалистік қоғамды дамытуға кедергі боп отырған жалқаулық, масылдық, тоғышарлық секілді міндерді сатира тілімен аяусыз түйреп отырды. Бұл бағытта әсіресе фельетон жанры өзінің ұшқырлығы мен тиімділігін көрсетті. Жоғарыдағы Әбіштің өлеңі де сондай сыншылдық-әшкереушілік мақсаттан туған жас талаптың талпынысын көрсетеді. Өлеңде кемшілікті айтып қана қоймай, оның жаман салдарын да нұсқап көрсетіп кетеді:
...Амалсыздан ермек болып тентек су,
Ауылда енді естіледі айғай-шу.
Осы болды көргеніміз бір кеште,
Бұл жөнінде кімге айтамыз біз өкпе? [9, б. 29].
Ақынның «Масыл жеңгей» өлеңі де – жұмыс істемей, күйеуінің тапқанына ішіп-жеп түске дейін ұйықтап, сосын қыдырып өсек таситын жеңгейлерге арналған ащы сықақ:
Суықта жылы жерді жағалайды,
Ыссыда көлеңкені паналайды.
Ауыр асты, жеңілдің үсті болып,
Кей жерде беделді де сағалайды.
Іс дегенде жеңешем жерінеді,
Сыртқа аттап та шығуға ерінеді.
Аузынан жалын атып, аһы-үһі,
Көрпеге тереңірек көміледі.
...Салады арсыл-гүрсіл көп ойбайға,
Түс бола отырады қою шайға.
Қол баста киінеді, шығып сыртқа
Пыш-пыштап «хабар» тасып бар маңайға... [10].
А.Тоқмағамбетовтің жеңгейлерге арнаған өлеңдерінің сарынын еске түсіретін мұндай өлеңдер автордың сын-сықаққа да жақын, кемшілікті сынауға шебер сатириктік қаламының желі бар жеткіншек болғанын көрсетеді.
Саяси-патриоттық тақырыптағы «Отаныма», «Партия-әке» өлеңдерінде лирикалық кейіпкердің отан мен партия алдындағы адалдығын айтып, оның сенімін ақтауға деген перзенттік борышын терең түсінгендігін көреміз. Отанына:
...Есейдім, енді айырдым оң-солымды,
Арманға мен де ұсындым оң қолымды.
Қиын-қыстау кедергі кездеспеді,
Сілтедің адастырмас кең жолыңды, –
деп алғаусыз көңілден алғыс сезімін білдірсе, «Партия-әке» өлеңінде әкесінен жастай жетім қалып, тұрмыс қиыншылығын көріп өскен баланың партия тарапынан әкесінің орнын сезінген қалтқысыз көңілін танимыз:
...Өлді әке. Енді кімді «әкелермін»,
Еркелеп енді кімге «әке» дермін?
Қорғасын – еркелікті жұлып кетті,
Маңдайымнан сипар кім, мәпелер кім?
Сен болмасаң тереңге құлап та едім,
Қапаландым, қол создың, қуат бердің.
Жұбаттың, еркелеттің, ұлым дедің,
Жүзіңнен бақыт көрдім, шуақ көрдім... [11].
«Өнердегі бояу – белгілі бір құбылыс заңдылығын ашу. Өлеңдегі бояу – өмірдегі құбылыстан тылсым ой тауып айту, философия түю. Ол жоқ жерде образдылық – бояулар жиынтығы ғана» [12, б. 499] «Анама» өлеңінде өмірдегі ең асыл жанның мәпелеген алақаны мен мейірімді жүзін сағынған жастың ана алдындағы борышын өзіндік өрнекпен бейнелеуге трысады. Бір өзі үшін бар өмірін арнаған аяулы жанның өмірдегі орнына кіршіксіз махаббатпен ой жіберіп:
...Ойлайтын жаның ылғи бала қамын,
Сағынтты мені қамқор алақаның.
Күте бер жоғалтпай тек тынышыңды,
Оралар қыран болып балапаның» –
деп түйіндейді [13].
Ақынның «Сыр», «Сағыныш», «Жайлау қызына» өлеңдерінде жастық шақ әсерлері, алғашқы махаббат сезімі секілді балалық пәк көңілмен, алғаусыз таза сезіммен жырланады.
Гүлденген шағым, дер шағым,
Өмірге талап, өкпем жоқ.
Әр күнім жайда құшағын,
Шаттығы тасып, көктем боп, –
немесе:
...Алыста жаудыраған қалды көзің,
Сен жоқсың маңайымда, жалғыз өзім.
Тамсандым, тамсантты ғой шырын ернің,
Аңсадым, аңсатты ғой бал мінезің [14], –
деген жолдарда жас жүректің ең бір қимасына деген аңсар мен сағыныш, адалдық пен іңкәрлік сезімдері өріліп отырады. Жастықтың жазғы бағында ержетіп келе жатқан, алда үлкен арман-мұрат қол бұлғап, өмір көшіне асыққан жанның мұндай тілек-аңсары кім-кімге де түсінікті. Сондықтан жаңа жолға аттанғанда кешегі кездегі алғашқы әсерді ұмытпай, барған сайын ынтықтыра түскен ғашықтықтың ғаламатын да ақын өлең өріміне сыйдырып, ынтыға жырлайды:
Бірге қап балалық пен қуыршағың,
Шаш бопты-ау сала бұрым тұлымшағың.
Кешегі ентіктірген екеумізді –
Бала күн бұлдырағын бүгін сағым.
Бүгінде кешегі емес, басқа ажарың,
Барады маған ұнап қас-қабағың.
Бір жігіт күдіктеніп қала ма деп,
Жүзіңе көп қарауға жасқанамын [15].
Ақын сөздің мағыналық өрнегі, шырын-мәйегін, қоғамдық мәнін, өмірлік мазмұнын, көркемдік бояуын, әуендік келісімі сияқты сипаттардың селбесуін есепке алады. Өлең сөздің өрттей ыстық жалыны осыншалықты қасиеттердің бірлесуінен пайда болса, оның көркемдік мазмұны интонация, дыбыс, ырғақ, пауза т.б. арқылы жүзеге асады. [16, б. 5] «Сағыныш» өлеңі ақынның бір топ жастармен бірге делегация құрамында жастар фестиваліне бара жатқан сапарында жазылған сияқты. Атыраудың керім табиғатын, жаз күнінің жанға рахат сыйлар көрінісін өнер мерекесіне жол тартқан жастардың көңіл күйімен сабақтастыра жырлайды. Бұл өлеңде осынау бақытты жастық шақтың қызығын алдағы жауапкершілікпен, болашақтың бағдарымен сабақтастыра қарау бар. Бейбітшілік тілегі, соғысқа қарсылық, алдағы күнге деген арман-үміт – барлығы бір арнаға тоғысып, жастықтың жасампаз гимніндей естіледі.
Ал «Көш» өлеңінде жазғы ауылдың әдемі көрінісін жандандыра суреттей отырып, асыл сезім құшағындағы қыз бен жігіттің қимастықпен қоштасар сәтіндегі ішкі әлем бұлқыныстарын еске түсіреді. Малшы ауылдың мамыражай тірлігі, ауыл адамдардың іс-әрекеті, айлы түнде малды бірге күзетіскен қыз бен жігіттің аужайы, көкпар ойынының әсері, оқуға аттанып бара жатқан жылқышы жігітін қимай жанары жасаураған қыздың күйі өзара келісті өрнекпен жымдаса жырланған.
Қорытынды. Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев – барлық саналы ғұмырын әдеби қаламгерлік пен мемлекеттік қайраткерлікке арнаған тұлға. Ол қаламгер ретінде қазақ әдебиетінің барлық салаларында өнімді еңбек етіп, поэзия, проза, драматургия, көркем аударма мен публицистикада көптеген шығармалар жазды. Ол әсіресе, прозаик ретінде дүние жүзі әдебиетіне танымал болды. Біз бұл мақалада жазушының әдебиеттегі алғашқы қадамдарын пайымдау мақсатында мектеп қабырғасында жүрген кезінде жазған мақалалары мен өлеңдерін қарастырдық.
Жас кезінен өзін әдебиетке бағыттаған жастың ерте есейіп, сөз өнерінің құдіреті мен қоғамдық мәнін пайымдағанын, сол бағытта талаптанып, белсенділік танытқанын сол жылдары жазған өлеңдері мен мақалаларынан байқауға болады. Аудандық, облыстық газеттерде жарияланған мақалалары мен өлеңдерінде оның өз заманының, әсіресе туған ауылы мен өлкесінің проблемалары толғантқанын, ауыл өмірін жақсарту мен мектеп оқушыларының белсенділігін арттыру, ауыл мәдениетін көтеру жолындағы ойлары мен көзқарасын, ұсыныстарын оның жазған мақалалары мен хабарламаларынан көруге болады.
Жазушының алғашқы тырнақалды өлеңдері де өзіндік ой-өрнегінен, парасат-пайымынан, көркемдік ойлау жүйесінен көрініп отырады. Жал талап көз алдында өтіп жатқан құбылыстардың ешқайсысынан қалыс қалмайды, қоғамдық проблемаларға бейтарап қарамайды, өмір-тұрмыс пен мәдениетті жақсарту жолындағы өз ойлары мен пікірлерін ашық айтады, оларды қара сөзбен де, өлең өрнегімен де кестелей білген.
Әсіресе, ақынның тырнақалды өлеңдерінен оның көркемдік ойлау машығы, образбен жұмыс істеу дағдысы, көркемдік ізденістері айқын көрінеді. Өлеңдерінде туған жер, ана, табиғат құбылыстары, жастық сезім, ел тұрмысы т.б. тақырыптарды еркін меңгеріп, көкейіндегі ойын кестелі өлеңге орап әсерлі жеткізе білген. Поэзия – адам жүрегінің сәулесі ғана емес, имандылық пен ізгіліктің, азаматтық пен адамгершіліктің күретамыры, ұлттық болмыс-бітімнің айнадан көрінген дидары, [17, б. 121] – дегендей, ақын өлең сөздің болмысы мен қадірін сол кездің өзінде түсіне білгені айқын.
Қаламгердің кейін жарық көрген «Алтын шуақ» және «Ғапыл дүние» жинақтарына енбеген, аудандық газеттерге ғана шыққан осы өлеңдері арқылы болашақ жазушының қаламгерлік қадамының сәтті басталғанын, әдебиетке құштарлық пен шығармашылыққа адалдық таныта отырып, іркіліссіз ізденіс арқылы үлкен жазушылық тұғырға көтерілгенін білеміз.
Бала кезің ұлағат, дана кезің,
Тырнап ашқан сен едің сана көзін.
Кәрі дала сан ғасыр толғатқанда,
Тек Маңғыстау туа алған Дарабозым! [18, б. 242] –
деп С.Нұржан ақын жырлағандай, бала кезінен әдебиетке талаптанып, халқының ұлы жазушысы ретінде әдебиеттің олимпіне көтерілген қаламгердің балауса жырлары мен мақалалары да туындыгердің жазушылық лабораториясының бір қыры ретінде қарастыруға тұрарлық дүниелер.
ӘДЕБИЕТТЕР
[1]. Жүсіп Қ. Шың мен шыңырау / Қ.Жүсіп. – Алматы: Арыс, 2000. – 134 б.
[2]. Кекілбаев Ә. Сұхбат / Ә.Кекілбаев // Тұмар. – 1999. – №3. – Б. 42-47.
[3]. Әбіш Кекілбайұлының тырнақалды туындылары: Ғылыми-библиографиялық анықтамалық. Ақтау: 2022. – 40 б.
[4]. Әбіш Кекілбаев. Шығармалары. Энциклопедия. І том. Алматы: Арыс, 2018. – 800 б.
[5]. Кекілбаев А. Семья – баланы тәрбиелеудегі басты тұлға / А.Кекілбаев. // Сталин жолы. – 1953. – №90. – Б. 2.
[6]. Әбіш Кекілбаев. Өмірі мен ортасы. Энциклопедия. ІІ том. Алматы. Арыс: 2020. – 768 б.
[7]. Кекілбаев А. Тағы да тұрмыс мәселесін сөз етсек / А.Кекілбаев. // Сталин жолы. – 1957. №59. – Б.3.
[8]. Кекілбаев А. «Маңғыстау» деген сөз қайдан шыққан! / А.Кекілбаев. // Еңбек туы. – 1958. – №80. – Б. 4.
[9]. Кекілбав Ә. Енді қайда барамыз? / Ә.Кекілбаев. // Сталин жолы. – 1956. – №78. – Б. 3.
[10]. Кекілбаев Ә. Масыл жеңгей / Ә.Кекілбаев. // Сталин жолы. – 1957. – №8. – Б. 4.
[11]. Кекілбаев Ә. Отаныма. Партия-әке / Ә.Кекілбаев. // Сталин жолы. – 1957. – №33. – Б. 3.
[12]. Ергөбек Қ. Өлеңсөз. Қазақ өлеңі хақында. / Қ.Ергөбек. Алматы: Ел-шежіре, 2012. – 576 б.
[13]. Кекілбаев Ә. Анама / Ә.Кекілбаев. // Еңбек туы. – 1958. – № 43. – Б. 2.
[14]. Кекілбаев Ә. Сағыныш / Ә.Кекілбаев. // Еңбек туы. – 1958. – №43. – Б. 3.
[15]. Кекілбаев Ә. Жайлау қызына / Ә.Кекілбаев. // Социалистік құрылыс. №188. 21 қыркүйек, 1958. Б. 3.
[16]. Негимов С. Шығармалары. І том: Зерттеулер. / С.Негимов. Астана: Фолиант, 2015. – 424 б.
[17]. Кеңшілікұлы А. Тұрақсыз әлемнің суреткері: Әдеби сын, эсселер. / А.Кеңшілікұлы. Астана: Фолиант, 2018. – 240 б.
[18]. Нұржан С. Таң қауызын жарғанда. ІІІ том. / С.Нұржан. Алматы: Үш қиян, 2002. – 352 б.
REFERENCES
[1]. Zhusіp K. (2000) Shyң men shyңyrau. [Peak and valley]. Almaty. Arys, 2000. [in Kazakh].
[2]. Kekіlbaev A. (1999). Suhbat [Interview]. Tumar - Talisman. №3, 1999. [in Kazakh].
[3]. Abіsh Kekіlbajulynyң tyrnaқaldy tuyndylary. Gylymi-bibliografijalyk anyқtamalyk. [The first works of Abish Kekilbayuly: Scientific and bibliographic reference book]. Aқtau, 2022. [in Kazakh].
[4]. Abіsh Kekіlbaev. Shyғarmalary. Jenciklopedija. [Abish Kekilbaev. Works. Encyclopedia]. І tom. Almaty. Arys, 2018. [in Kazakh].
[5]. Kekіlbaev A. Sem'ja – balany tarbieleudegі basty tulga [Family is the main person in raising a child]. Stalin zholy - Stalin Road. №90. 15 zheltoқsan, 1953. [in Kazakh].
[6]. Abіsh Kekіlbaev. Оmіrі men ortasy. Jenciklopedija. [Abish Kekilbaev. Life and environment. Encyclopedia]. ІІ tom. Almaty. Arys, 2020. [in Kazakh].
[7]. Kekіlbaev A. Tagy da turmys maselesіn soz etsek [Let's talk about the issue of life again]. // Stalin zholy - Stalin Road. №59. 25 shіlde, 1957. [in Kazakh].
[8]. Kekіlbaev A. «Mangystau» degen soz қajdan shykkan! [Where does the word "Mangystau" come from?]. Enbek tuy - Labor flag. №80. 12 tamyz, 1958. [in Kazakh].
[9]. Kekіlbav A. Endі қajda baramyz? [Where are we going now?]. Stalin zholy - Stalin Road. №78. 10 қazan, 1956. [in Kazakh].
[10]. Kekіlbaev A. Masyl zhengej [My sister-in-law]. Stalin zholy - Stalin Road. №8. 5 aқpan, 1957. [in Kazakh].
[11]. Kekіlbaev A. Otanyma. Partija-әke [To my homeland. The party is the father]. Stalin zholy - Stalin Road. №33. 24 sauіr, 1957. [in Kazakh].
[12]. Ergөbek Қ. (2012). Oleңsoz. Қazaқ oleңі haқynda. [Poem. About the Kazakh poem]. Almaty. El-shezhіre, 2012. [in Kazakh].
[13]. Kekіlbaev A. Anama [To my mother]. Eңbek tuy - Labor flag. № 43. 12 mamyr, 1958. [in Kazakh].
[14]. Kekіlbaev A. Sagynysh [Longing] Eңbek tuy - Labor flag. 12 mamyr, 1958. [in Kazakh].
[15]. Kekіlbaev A. Zhajlau қyzyna [To the daughter of Zhailau]. Socialistіk қurylys - Socialist construction. №188. 21 қyrkүjek, 1958. [in Kazakh].
[16]. Negimov S. (2015). Shygarmalary. І tom. Zertteuler. [Works. Volume I. Studies]. Astana. Foliant, 2015. [in Kazakh].
[17]. Keңshіlіkұly A. (2018). Turaksyz alemnің suretkerі. Adebi syn, jesseler. [Artist of the Unstable World: Literary Criticism, Essays.]. Astana. Foliant, 2018. [in Kazakh].
[18]. Nurzhan S. (2002). Tan қauyzyn zharganda. ІІІ tom. [When the dawn breaks. Volume III]. Almaty, Ush қijan, 2002. [in Kazakh].
Кабылов Адилет Дыбысович
Каспийский университет технологий и инжиниринга имени Ш. Есенова
г. Актау, Казахстан
РАННИЕ ПРОИЗВЕДЕНИЯ АБИША КЕКИЛБАЕВА
Аннотация. В настоящее время подробно изучается литературно-творческое наследие видного государственного и общественного деятеля, народного писателя Казахстана Абиша Кекилбаева. Научный интерес к его творчеству начался еще при жизни художника, было написано много научных исследований и защищены диссертаций. Сегодня этот процесс нашел продолжается в обширной научной области под названием абишоведение. Несомненно, что литературное наследие писателя и впредь будет изучаться с разных сторон, с точки зрения различных научных парадигм и теоретико-художественного анализа. В изучении личности и литературного творчества важно обилие и полнота источников. В этом отношении стихи и статьи, которые писатель впервые в ранние годы опубликовал в газетах, имеют свое место. В прошлом году сотрудники Мангистауского областного историко-краеведческого музея имени А.Кекилбаева подготовили библиографический указатель кратких произведений писателя, опубликованных в местной периодической печати в 1953-1958 годах. Настоящая работа состоит из двух частей: первая часть содержит библиографический указатель статей и стихотворений писателя, а вторая часть содержит их текст. Таким образом, всего было собрано 42 произведения (34 статьи, 8 стихотворений). Предисловие директора музея С. Кудайбергена, данное в начале сборника, раскрывает цель и структуру работы. Представление текстов писателя, наряду со списком его первых стихотворений, не вошедших в предыдущие сборники, показывает накопительный характер произведения. Помимо того, что это библиографический указатель, можно сказать, что это небольшой сборник, содержащая произведения писателя. Она может стать необходимым источником для будущих исследователей творчества А.Кекилбаева. Такая информация и данные будут постоянно собираться и дополняться. В данной статье рассматриваются первые стихи и статьи писателя, написанные в школьные годы, анализируются их тематико-содержательное направленность и художественные особенности. Понятно, что научное изучение таких стихотворений и статьи, свидетельствующих о стремлении к литературе и творческом поиске юного таланта, особенно к поэзии, раскрывает зачатки поэтического становления и творческой эволюции писателя. Взгляд молодого автора на окружающий мир, забота об стране и будущем края рассматриваются с теоретической точки зрения и дается научная оценка.
Ключевые слова: поэзия, стихотворение, статья, тема, содержание, идея, структура произведения, сюжет, композиция, поэт, художественность.
Kabylov Adilet
Sh. Yessenov Caspian state university of technology and engineering, Аktau, Kazakhstan
EARLY WORKS OF ABISH KEKILBAYEV
Abstract. Currently, the literary and creative heritage of a prominent statesman and public figure, people's writer of Kazakhstan Abish Kekilbaev is being studied in detail. Scientific interest in his work began during the life of the artist, many scientific studies were written and dissertations were defended. Today, this process has been found to continue in a vast scientific field called Abishology. There is no doubt that the literary heritage of the writer will continue to be studied from different angles, from the point of view of various scientific paradigms and theoretical and artistic analysis. In the study of personality and literary creativity, the abundance and completeness of sources is important. In this regard, the poems and articles that the writer published for the first time in the newspapers in his early years have their place. Last year, employees of the Mangistau Regional Museum of Local Lore named after A. Kekilbaev prepared a bibliographic index of the short works of the writer, published in the local periodical press in 1953-1958. This work consists of two parts: the first part contains a bibliographic index of the writer's articles and poems, and the second part contains their text. Thus, a total of 42 works were collected (34 articles, 8 poems). The preface of the museum director S. Kudaibergen, given at the beginning of the collection, reveals the purpose and structure of the work. The presentation of the writer's texts, along with a list of his first poems that were not included in previous collections, shows the cumulative nature of the work. In addition to being a bibliographic index, we can say that this is a small collection containing the works of the writer. It can become a necessary source for future researchers of A. Kekilbaev's creativity. Such information and data will be continuously collected and supplemented. This article discusses the first poems and articles of the writer, written in his school years, analyzes their thematic and content orientation and artistic features. It is clear that the scientific study of such poems and articles, which testify to the desire for literature and the creative search for young talent, especially poetry, reveals the beginnings of the poetic formation and creative evolution of the writer. The young author's view of the surrounding world, concern for the country and the future of the region are considered from a theoretical point of view and a scientific assessment is given.
Keywords: poetry, poem, article, theme, content, idea, structure of the work, plot, composition, poet, artistry