ӘОЖ 82.09 (574)
ҒТАХР 17.07.41
DOI 10.56525/KORI3099
АҚЫНДАР ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ
МАХАМБЕТ БЕЙНЕСІ
ҚОБЛАНОВ Ж.Т.
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар
және инжиниринг университеті
Ақтау қ., Қазақстан
E-mail: [email protected]
*КАРИМСАҚОВА Б.А.
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар
және инжиниринг университеті
Ақтау қ., Қазақстан
E-mail: [email protected]
*Корреспондент авторы: [email protected]
Андатпа. Бұл мақалада аты аңызға айналған ардақты тұлға Махамбеттей ақынымыздың өмірі өнегеге, өнері ұранға, халық рухының көрінісіне төл тарихымызда қаншалықты қадірлі болса, оның сөз өнерінде – поэзияда да арқалы тақырыпқа айналғанын, батырға көптеген ақындарымыздың өлең-жырлары арналып, арқалы ақынның ерлігі мен рухы негізге алынады.
Ақындар поэзиясында Махамбет ақынның ерлігі, батырлығы сөз етіледі. Махамбет ақынның жырындағы биіктікті, ақылдылықты, шешендікті, өткірлікті, кісілікті, ұлылықты, тереңдікті, өжеттік-қайсарлықты, ерлікті танытатын небір үздік көркем балама бейнелерді - образдарды ұтымды қолдана отырып шешен де өткір, жырлары наркескен, халыққа қадірлі батыр ақын Махамбеттің тұлғасын ақындар көркем сомдай алған.
Көpкeм cөз өнepiндeгi лиpикa дeгeнiмiз aқынның iшкi құпия ceзiм қaлтapыcтapынa, нәзiк ой тұңғиығынa жeтeлeйтiн epeкшe жaнp. Оcы жaнpдaғы туындылap әp aқынның дүниeнi тaнудaғы, ceзiнудeгi өзiндiк epeкшeлiктepiн aйшықтaп, жeкe шығapмaшылық тұлғaның дapa болмыcын ғaнa тaнытумeн шeктeлмeйдi. Cонымeн қоca, олap тұтacтaй әдeби дaму үpдiciндeгi лиpикaның жaнpлық құбылу, өcу, өpкeндeу, құлдыpaу жолын дәуipлiк cипaттa aнықтaуғa мүмкiндiк бepeдi.
Мақалаға қазақ поэзиясындағы дәстүр жалғастығы мәселесі, соның ішінде Махамбет Өтемісұлы сияқты өр ақынның ғасырлар елегінен өтіп, бүгінгі заманымызға жеткен жауынгерлік жырларындағы асқақ рухы арқау болған. Бір-бірімен сабақтасып жатқан әдеби дәстүрдің ұлттық әдебиетіміздегі көріністері қарастырылып, пайымдалды.
Түйінді сөздер: Махамбет, ақын, батыр, тарихи тұлға, қазақ поэзиясы, ерлік, батырлық, қазақ әдебиеті, дәстүр сабақтастығы, жыраулар мектебі, жаңашылдық, поэзия, ақын, ұлттық рух.
Кіріспе. Махамбеттің тұлғасы тірісінде-ақ қалың қазақ үшін ерліктің, өрліктің, батырлықтың белгісіне, ал жалынды жырлары азаттық дабылына айналып үлгерген болатын. Артына күреспен өткен өмірімен өшпес өнеге, өлмес туындылар қалдырған ол міне бір жарым ғасырдан бері ел намысын ту еткен батыр, халық арманын қалтқысыз жырлаған азамат ақын ретінде сан ұрпақтың сүйіспеншілігіне бөленіп, ұлтымен бірге жасасып келеді. Ұлтымыз кеше Махамбетті қалай қастерлеп, жырын жаттап, өмірін өнеге етіп келсе, азаттық аясында бүгін де қастерлейді, ертең де осылай боларына еш күмән жоқ.
Махамбет баршаға аян, ғұмырын да, жырларын да халык, көпшілік теңдігі үшін күреске арнаған, осы ұлы мақсат жолында мерт болған батыр, ақын. Өмірінің соңғы кезеңінде жауларынан қатты қуғын, қысым көрген, елден, көпшілік ағайыннан жырақ жүруге мәжбүр болған. Осындай ел үшін ғұмырын құрбан еткен есіл ер, алдаспан ақын көңілін өмірмен қоштасар сәтте кандай толғанысты ой, сезім баураған екен?
Неткен жомарт
Неткен батыр, ер еді
Ер еліме мендей сарбаз керегі.
Осылай басталған Махамбет толғанысынан оның жомарт, батыр елін шексіз сүйгенін, сол үшін де отқа күйгенін айқын сезінеміз, «Ер еліме мендей сарбаз керегі» дегенде Махамбет батыр өзін өзі орынсыз мадақтап отырған жоқ, ел мұраты үшін табанды күресуге өзі сияқты ерлер қажет екеніне ақынның көзі әбден жеткен, шындықта солай ғой.
Материалдар мен зерттеу әдістері. Зерттеудің материалы ретінде отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері, қазақ ақындарының шығармалары алынды. Мақаланы жазу барысында теориялық материалды жинау, мәтін талдау, саралау, салыстыру әдіс-тәсілдері қолданылды.
Зерттеу нәтижелері. Еңіреген ерлерін мақтан тұтып, кейінгіге үлгі-өнеге етпесе, қандай елдік бар? «Қоңыраулы найза қолға алып, қоңыр салқын төске алып», «қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермеген» батырын, от жүректі ақынын жырға қоспаса, ақындықтан не пайда?! Жоғарыда аталған мақаласында академик З.Қабдолов: «Ақын болу - бір бар; ал оның үстіне батыр болу ше? Және де ақын-ақын, батыр-батыр қалпында бөлек-бөлек тұрып қалмай, ақындық пен батырлық бір тұлғаның табиғатында ару әйелдің әдемі бұрымындай өріліп, баяғы бабалар дәуірінен бермен қарай тек қана азаттық аңсаған асыл ерлердің азап пен қорлыққа қарсы ашулы дойырына айналса, бұл енді әр ғасырда бір кездесетін аса сирек құбылыс» [1,9] деп тауып айтқандай әрі ақын, әрі батыр Махамбет феномені шынында да ғажап құбылыс.
ХХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ ақындарының шығармашылығында батыр ақын тақырыбына арналған алғашқы әрі айтулы өлең көрнекті ақын Жұбан Молдағалиевтың еншісінде. Ол «Махамбет қабірінің басында» [2,36 б] деп аталады.
Жермен – жексен, шөп басқан төмпешіктен
Көз ала алмай тұрмыз біз көп кешіккен... деген көңілсіз көрініс пен өкінішті ұятты қиналысты танытатын жолдардан басталады. Ақын неге «тұрмыз біз көп кешіккен» дейді өкінішті үнмен? Себеп біреу: сындарлы шақта елім деп бостандық үшін арыстандай арпалысқан, осы Мұрат жолында мерт болған батыр әрі ақын қайран ер ұмыт қалған, оған шөп басқан төмпешік, жұпыны құлпытас куә.
Мұны ақын:
Құдірет ақын басында бір құлпытас
Аптап дала, айдала көкке өшіккен, - деп суреттейді. Ақын жаны батыр әрі «құдірет ақын» рухына кереғар осы көріністерге күйінеді.
Автор қабір басында келген адамдардың батыр рухы алдында өздерін кінәлі санауын:
Ерлік пенен қылмыстың куәсіндей
Мың қызарып-бозарған Қараой жатыр, - деп көп сырды ішке бүккен мекенмен, табиғатпен әдемі астастырып жібереді. Жұбан айтпақ ой-идеясын біресі өз атынан, енді бірде кейіптеу тәсілімен желдің атынан толғап, осыған сай өлең өрнегін де құбылта отырып, себепсіз ұмытыла бастаған Махамбеттің кім екенін, бүгінгі ұрпақ үшін не себепті қадірлі екенін көпшілік есіне салады:
Арыстан ақын Махамбет
Бармағын шайнап өткен жер;
Қанжығаға басы байланып,
Барымта болып кеткен жер... - деп жыр өлшемімен төгілтіп, жер қасиетін, осы жерде қан төккен, қапияда кеткен Махамбеттей ер касиетін оқыған адам ойланардай, намысты жан толғанардай айшықты да, әсерлі сипаттап береді. Өлеңде автордың Махамбетті мақтаныш тұтуы мен «арыстан ақын» рухы алдындағы қиналысы, яғни азаматтық сезім күйлері үйлесімді өрнектелген. Өлеңнің:
Зираты оның - кеудесі әр қазақтың
Қалай өлсін ұлы ерлік, өмірлі өлең! - деген жолдарында қазақ бар жерде Махамбет мәңгі ұмытылмайды деген үлкен ой, ұтымды түйіндеу жатыр. Халқының өмірінде мәңгі ғұмыр кешу, ұмытылмау ұлылардың үлесі ғой.
Белгілі дүлдүл ақын Қалижан Бекхожиннің «Махамбет қабіріндегі тебіреніс» [3] өлеңі Жұбан Молдағалиевтің жоғарыда сөз болған туындысымен тақырыбы жағынан үндес, сарындас. Екі өлең де авторлардың Махамбет бейіті басындағы толғаныс-тебіренісінен туған, екеуінде де батырдың халық үшін атқарған игілікті ісін ардақтау, жалын жырларына сүйсіну және осындай ерге лайықты құрмет көрсетілмегеніне реніш, өкініш, қынжылу сезімі бар.
Жұбан өз толғанысын өлеңінде бірде батыр қабірі басына келген көпшілік ойы ретінде, енді бірде кейіптеу тәсілімен желді сөйлетіп, соның атынан түрлендіре жеткізсе, Қалижан өз сезім-күйін төл поэзиямыздағы дәстүрлі кең тараған жанр-арнау өлең үлгісімен ұтымды да көркем кестелей білген. Бірнеше бөлімдерден тұратын 151 жол көлемді арнау өлең автордың ақын әрі батыр жайлы сырлы да нұрлы толғаныстарына толы әрі көркемдік кестесі келісті тоқылғандықтан да болар, ұзақтығы сезілмей, бір деммен оқылады. Рухыңды аскақтатады, мұратыңды биіктетеді.
Қадыр Мырзалиев Қ.Бекхожиннің «Қайран жастық» жинағын таразылай келе, кітаптың II бөліміндегі көптеген туындылардың, атап айтқанда «Махамбет қабіріндегі тебіреніс», «Қалмақ қырған тауыңдағы қарауыл», «Торайғыр көліндегі елес» сияқты өлеңдер арнайы атап өтуді керек қылатын тұсаусыз туындылар, серпіңді жырлар екенін сүйсіне атап, өзіндік қолтаңбасы қай-қай жағынан да әбден берік калыптасып болған белгілі ақынымыз бұл өлеңдерінде ретіне Қарай Махамбетше де сілтеп көргенін аталған өлеңдерде «Махамбет лексикасы, сөздік қоры» соншалықты бір ұқыпты зергерлікпен, шеберлікпен, дәлірек айтсақ, білгірлікпен пайдаланылғанына» [3] көңіл аударған. Қ. Мырзалиев ақын орынды байқағандай, әсіресе сөз етіп отырған өлең бүкіл рухы, пафосы, өлшем-өрнегі, тілдік-образдылық ерекшелігі тұрғысынан Махамбеттің Исатай батырға арналған әйгілі «Тарланым» өлеңін еске түсіреді [4,23 б]. Яғни, бұл өлеңнің бүкіл болмысынан Махамбеттің ақыңдық дәстүрі айқын танылады.
Махамбет:
Кермиығым, кербезім,
Керіскедей шандозым!
Құландай ащы дауыстым,
Құлжадай айбар мүйіздім!
Қалижан:
От ауыздым, орақтым
Жауға шапқан жарақтым.
Жалыннан тартып от алған
Махамбет:
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,
Атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен.
Атқанын қардай боратқан,
Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан.
Арыстан еді-ау Исатай,
Бұл фәнидің жүзінде,
Арыстан одан кім өткен ?!
Қалижан:
Жалындап кегі тұтанған.
Жауына сөзін
Жай оғындай жарқылдатқан
Жарақтанған ханды
Жараксыз-ак қалтыратқан
Аты қазақ жерінде
Сендей де ақын жоқ шығар
немесе:
Тумасы жарық жұлдызым
Тұлғасы алып шың-құзым!
Қалижан - автордың арнау өлеңінің өн бойынан Махамбетке деген шексіз сүйіспеншілігі және батыр бабаның биік бейнесін шынайы сомдай алғаны айқын көрінеді. Автор «далама біткен биігім», «тұңғиығым», «Бұлт тіреген терегім», «от ауыздым, орақтым», «тілің алмас найзадай», «нажағайым!», «тумасы жарық жұлдызым, тұлғасы алып шың-құзым», «теңізім», «заңғар тауымсың», «ардагерім», «кемеңгерім», «мұздыбалақ қыран ең», тағы басқа да биіктікті, ақылдылықты, шешендікті, өткірлікті, кісілікті, ұлылықты, тереңдікті, өжеттік-қайсарлықты, ерлікті танытатын небір үздік көркем балама бейнелерді - образдарды ұтымды қолдана отырып шешен де өткір, жырлары наркескен, халыққа қадірлі батыр ақын Махамбеттің тұлғасын көркем сомдай алған. Автордың Махамбет оның өкінішті ғұмыры жайлы толғаныс-тебіренісінің шынайылығы соншалық, атаңа нәлет Ықылас жайлы күйіне толғанған шақта:
Ханның қара жендетін -
Ата жауым дер едім.
Тіріде маған кездессе,
Тап өзінше жұлқылап,
Тірідей турап жер едім.... - деп әрі-беріден соң тура Махамбетше кектеніп кесек сөйлеп кетеді.
Енді екі өлеңдегі жоғарыда аталған бір үндестікке көңіл аударайық. Ол екі ақынды да қатты толғандырып, жабырқатқан батыр бейітінің жұпыны күйі. Шағын өлеңде Жұбан Молдағалиев бұл келеңсіздікті:
Жермен-жексен, шөп басқан төмпешіктен
Көз ала алмай тұрмыз біз көп кешіккен... [2,34 б] –
деп ұяттан өртенген ұрпақ сезімін аз сөзге мол мағына сыйғыза суреттеген болса, Қ.Бекхожин де:
Далама біткен биігім!
Қабіріңды жасырған ба ку жазық?
Мүрдеңе келіп иілдім
Өр дауысыңды іздеп кеудем құлазып [3,30 б], -
деп арнауын дәл осы жайдан бастап, оқырман назарын бірден өзіне аударады. Ұзақ өлеңнің бірнеше тұсында автор бұл мәселеге қайта-қайта оралып, ақынның «меңіреу, оқшау қабірін», оны «еңкуінен бір қиырдың зорға тапқанын», себебі батыр бейітінің қиыр шет, «жапан түзде» жатқанын, «күзетшісі бір құлпытас» екенін жүрегі езіле, қан жылай айтады. Тіпті:
Тасыңа сылбыр сөз тізген,
Қандай сымпыс-қай ділмар? - деп құлпытасына батыр рухына лайық сөздің де жазылмағанына күйінеді. Өлең соңында ақын:
Сөзіңе - сөнбес жұлдыз тең
Жалыныңда айбын бар.
Керек емес даңқыңа
Белгі темір, кеспек, қыш.
От жырларың халқыңа -
Өшпес мәңгі ескерткіш! –
деп, яғни «от жырларыңмен» өзіңе мәңгі ескерткіш орнаттың, сен - мәңгіліксің дейді.
Мүсінші болсам соғар ем,
Тұлғаңды алтын, асылдан.
Күмбезді биік салар ем,
Алатаудың басынан...
Осылай ақтарылған ақынның ой-сезімінің, батырға деген құрметінің шынайылығына әбден сенеміз.
Бірақ кешегі кеңестік кезең - әміршіл-әкімшіл жүйе тарихымызды, тарихи тұлғаларымызды тереңдеп зерттеп, тануға мүдделі болған жоқ, қайта барынша кедергі жасады. Асылдарымызды ардақтауға, ұлыларымызды ұлықтауға жасқандық, қалыптасқан бодандық психолог да ерік бермей, ұлттық рухымызды төмендетті. Махамбет сондай ардақтыларымыздың бірі еді, орта және жоғары мектеп дәрістерінде оны шаруалар көтерілісін ұстаушыларының бірі, жалынды ақын, батыр деп сөзбен ғана жалаң дәріптеуден аса алмадық. Махамбет бейіті ұзақ жылдар ұрпақтары тарапынан лайықты құрмет жасалмай, ақындарымыз қынжыла жырлағандай құлазып жатты. Бұл жағдайды «Сөйтіп, елім деп еңіреген есіл ер жауыздардың қолынан жазым тауып, Қараойда бір үйім топырақ боп 120 жыл ескерусіз жатты» [5,26] деп Исатай Махамбет жайлы тарихи деректерге негізделген зерттеу жазған Әнес Сарай да растайды. Аталған екі өлең Махамбеттей елім деп еңіреп өткен есіл ердің қымбат тұлғасын ұрпағымыз үлгі-өнеге алатындай жоғары көркемдік деңгейде сомдаған, ардақтаған осындай тарихи тұлғаларымыз алдындағы азаматтық мәңгілік парызымызды еске салған ізгілікті ой-идеясымен де құнды туындылар.
60-жылдары жазылған сәтті туындының бірі - көрнекті ақын Олжас Сүлейменовтің «Махамбет» өлеңі [6,5]. Өлеңді бар бояу-көркемдігін сақтай отыра казақ тіліне шебер аударған талантты, көрнекті ақынымыз Қадыр Мырзалиев.
Махамбетке:
Қас жауыңды
Ел алдында жазықты
Жерге қағып жіберіпсің қазық қып.
Қайсар бопсың, бірақ сенің жырыңның
Аржағыңда жатады бір нәзіктік.
0, даланың жолбарысы,
Көкжалы!
Көкжал бөрі қай кезде де олжалы.
Өзіңнен бе?
Сөзіңнен бе?
Әйтеуір
Сенен кепті дейді ханның ажалы.
Дұшпаныңнан қайтты кегің,
Қайтты есең.
Айтып сапсың ақиқатты
Айт десе.
Қандай бақыт ақын болып туганым
Сені ақын деп білер ме едім, әйтпесе!
Туындының өн бойынан тілдік-образдық жүйесінен, буындық, ырғақтық өлшемдерінен ұлттык таным, бояу молынан көрініс береді. Шағын өлеңде Махамбеттей өр тұлғаның адамдық һәм ақындық қасиеті, қайсарлығы мен жауларына деген бітіспес өшпенділігі, ащы ақиқатты айтып салатын тал бойындағы және өлеңдеріндегі тіліп түсер өткірлік, ханмен арпалыста өткізген күрескерлігі, батырлығы мен батылдығы - жарқырап көрінген. Олжас бірде:
Қайсар бопсың, бірақ сенің жырыңның
Ар жағында жатады бір нәзіктік, -
деп өзі өжет болса да, батыр жүректің шер-шеменін танытатын жырларында ізгілік, сыршылдық, адами нәзік сезім күйлері мол екенін дөп басып айтса, енді бірде:
0, даланың жолбарысы,
Көкжалы! -
деп оның бейнесін дәл метафоралық әрі ұлттық ұтымды баламамен аша түседі.
Арыстан да, жолбарыс та, көкжал да (көкжал бөрі) күштіліктің, қайтпас қайсарлықтың символдары іспетті. Әсіресе көкжал бөрі бейнесі түркі дүниетанымында ерекше қастерлі.
Бұл бейне - символдар, баламалар Махамбеттің жорық жырларында да мол кездеседі («Хан қарасын жоям деп, жолбарысша жорыттым», «Аш арыстан жолбарысым», «Бөрідейін жол қатып», «Исатайдың барында екі тарлан бөрі едім» т.б.). Олжас та «О, даланың жолбарысы, көкжалы!» дегенде осы дәстүрлі ұғымды және Махамбеттің дәстүрін жалғастыра жаңғыртып қолданып отыр.
Автордың өлеңді:
Қандай бақыт ақын болып туғаным
Сені ақын деп білер ме едім әйтпесе! -
деген жолдармен аяқтауы да жарасымды шыққан. Ақынды түсіну үшін ақын болу керек, ақындық стихия, ақындық асаулық, азаматтық өре, кажет десек, заманымыздың көрнекті қаламгері О.Сүлейменовте бұл қасиеттер толығынан жетерлік.
Ал оның поэзиясы негізінен алғанда Махамбет мұрасымен рухтас үндес, өршіл поэзия, өнер үлгісі. Бұған біз тоқталып өткен туынды да, сондай-ақ ақынның осы тақырыптағы «Махамбеттің өлер алдындағы ойы» [6,56] атты өлеңі де (аударған Қадыр Мырзалиев) жақсы дәлел. Алғашқысы батырға арнау үлгісінде жазылған болса, екіншісі Махамбеттің толғанысы, монолог түріндегі өлең. Олжас екі өлеңде де өзін-өзі пішін тұрғысынан қайталамауға ұмтылғанын көреміз.
Қаншама қуғын көріп, елінен саяқ жүруге еріксіз мәжбүр болса да Махамбеттің қалың елмен, елдің азаматтарының, тілектестерінің батырмен байланысы, оған құрметі ешқашан үзілмеген. Елі батырға сенген. Сондықтан да батырдың өлер алдында:
Олар бірге түңіледі, түңілсем,
Олар бірге бүгіледі, бүгілсем, -
деп толғануы шынайы сезімнің көрінісі, әрі шындық. Өйткені, Махамбет кім үшін, қандай мақсат үшін атқа қонғанын, өзінің бағасын жақсы біледі, ел азаматтары батырдың қадірін жақсы түсінеді.
Елдің мұңын,
Елдің жоғын жоқтағам
Көмейіме қойса да хан тас тығып, -
деген жолдар батыр өмірінің мәнін, қандай қысталаң-қиындық кездессе де халқының мүддесін сатпаған әрі оны қорғаудан тайынбаған қайсар, өр мінезді жанның табиғатын танытады.
Соңғы екі шумақта О.Сүлейменов батырдың еліне, ел азаматтарына деген өкпе-назын, өкінішін берген. Махамбет өмірінің соңғы сәтінде ел ағалары болып кейбір көңіл суысқан, түсініспеген ағайынмен бәтуа-бірлікке шақырып, сен біздің ардақты ақынымыз, айбарлы батырымызсың, сенің тірлігің ел бірлігі үшін қажет деп бауырына тартпады, тартқан болса, мен өлмес едім деп толғанады. Батыр ақынның бұл соңғы жанбаған үміті. Міне, өлеңде осылай өмірмен қоштасар сәттегі есіл ер, арманды ақынның аласапыран көңіл күйі еліне, халқына деген шексіз сүйіспеншілігі, күреспен, алпарыспен өткен өз ғұмырына берген бағасы, ел мұңын жоқтап өткен өз тағдырына ризашылығы, елмен, ағайынмен қайта қауыша алмаған өкініші, батырдың, ақынның, азаматтың трагедиясы - бәрі, бәрі табиғи, шынайы, көркем бейнеленген [7,46 б].
Қорытынды. Жұбан Молдағалиев, Қалижан Бекхожин, Олжас Сүлейменовтің аталған өлеңдері тарихи тұлғаларымызды бағалап қадірлеуге, жалпы тарихымызды тереңдеп танып, зерделеуге де, бейнелеуге де толық мүмкіндік еркіндігіміз туа қоймаған қысталаң кезеңде жазылғандығымен де, авторлардың батыр ақын бейнесін тұлғалау арқылы зәру тақырыпты көтерген батылдығын, азаматтық биік позициясын әйгілеуімен де, шынайы көркемдігімен де айтулы туындылар санатына жатады.
Махамбет - казақ поэзиясы үшін мәңгілік тақырып. Талданған туындыларда Махамбеттей тұлғаның батырлық, ақындық ерекшеліктері әр қырынан, негізінен сәтті ашылған десек те, батыр бабаның болмысына, рухына неғұрлым сай биік тұлғасын жасау – келешектің ісі демекпіз. Көркемдік ізденістерімізге жаңа өріс, соны серпін керек.Махамбет сияқты батыр да ақын бабаларымызды ешкашан жадымыздан шығармауымыз керек. Біздің болашағымыз үшін күрескен Махамбет атамыздын рухына басымызды иіп, еліміз үшін курескені үшін елімізді одан əрі көркейту керек. Батыр бабаларымыздың аңсаған арманы еліміздің азаттығын алу болған еді, соны жадымыздан шығармай, əрқашан мақтан тұтып, болашақта елімізді көркейту – бізге парыз.
ӘДЕБИЕТТЕР
[1]. Қабдолов 3. Ерлік пен елдіктің өшпес рухы. Егемен Казақстан, 7 тамыз, 2001.
[2]. Молдағалиев Ж. Таңдамалы. Екі томдық. I т. Өлеңдер. Алматы, "Жазушы", 1970. 283-6.
[3]. Бекқожин Қ, Үш томдық шығармалар жинағы. Өлеңдер мен поэмалар. Алматы, "Жазушы", 1984. 3 т. 73-74-66.
[4]. Мырзалиев К, Сөз сиқыры. Жыр туралы кітап. Алматы, "Жазушы", 1982. 186-б.
[5]. Сарай Ә. Исатай мен Махамбеттің тарихы. Зерттеу. Алматы, "Өлке", 1997. 370-6.
[6]. Сүлейменов О. Атамекен. Өлеңдер мен поэма. Алматы, "Жазушы", 1972. 147-б.
[7]. Сүлейменов 0. Әр күн - арайлы таң. Алматы, "Жазушы", 1986. 145-6.
REFERENCES
[1]. Kabdolov 3.bessmertnyj duh muzhestva i chelovechnosti. Gosudar' Kazahstan, 7 avgusta 2001. [in Kazakh]
[2]. Moldagaliev Zh. Izbrannoe. V dvuh tomah. I t. stihi. Almaty, "Pisatel'", 1970.283-6. [in Kazakh]
[3]. Bekkozhin k., sobranie sochinenij v treh tomah. Stihi i pojemy. Almaty, "pisatel'", 1984. 3 t. 73-74-66. [in Kazakh]
[4]. Myrzaliev K. magija slova. Kniga o psalme. Almaty, "pisatel'", 1982. s. 186. [in Kazakh]
[5]. Istorija saraja A. Isataja i Mahambeta. Issledovanie. Almaty, "Kraj", 1997. 370-6. [in Kazakh]
[6]. Sulejmenov O. Atameken. Stihi i pojemy. Almaty, "pisatel'", 1972. s. 147. [in Kazakh]
[7]. Sulejmenov 0. Kazhdyj den'-utro. Almaty, "Pisatel'", 1986.145-6. [in Kazakh]
Кобланов Жоламан Таубаевич
кафедра «Казахской филологии», и. о. профессора, кандидат филологических наук Каспийский университет технологии и инжиниринга им. Ш. Есенова, Актау, Казахстан
Каримсакова Бактигул Абдимухановна
кафедра «Казахской филологии», и.о. ассоциированного профессора, кандидат филологических наук, Каспийский университет технологии и инжиниринга
им. Ш. Есенова, Актау, Казахстан
ОБРАЗ МАХАМБЕТА В ЛИРИКЕ ПОЭТОВ
Аннотация. В этой статье рассматривается поэтические произведения многих поэтов о легендарном Махамбете, жизнь и творчество которого имеет огромную ценность для нашей истории, как пламенного борца за свободу родной земли и своего народа, и как поэта и прославленного акына-импровизатора, поражавшего слушателя остротой и страстностью, мудростью и человечностью звучащего слова, оставившего яркий след в национальной культуре. Искусство Махамбета является популярной темой в поэзии, и многие поэты посвятили герою стихи, прославляя героизм и дух великого поэта.
В творчестве поэтов изображается храбрость и героизм Махамбета. В своих лирических стихотворениях они искусно воспели образ великого поэта и борца за счет рационального использования лучших художественных альтернативных образов - образов, показывающих высоту, ум, красноречие, остроту, индивидуальность, величие, глубину поэзии Махамбета.
Лирика в искусстве художественного слова - это особый жанр, который ведет поэта к сокровенным чувствам, к бездне тонких мыслей. Произведения в этом жанре не ограничиваются лишь проявлением индивидуальности личности, отражением особенностей каждого поэта в познании, ощущении мира. Вместе с тем они позволяют определить в эпохальном характере путь жанровых изменений, роста, процветания, спада лирики в процессе литературного развития в целом.
Статья посвящена проблеме преемственности традиций в казахской поэзии, в том числе, как поэтическая традиция воинственного поэта Махамбета Утемисулы, который прошел через века и дошел до наших дней. Рассматривались проявления в национальной литературе переплетающихся между собой литературных традиций.
Ключевые слова: Махамбет, поэт, герой, историческая личность, казахская поэзия, доблесть, героизм, казахская литература, преемственность традиций, школа жырау, новаторство, поэзия, поэт, национальный дух.
Koblanov Zholaman Taubayevich
Department of "Kazakh Philology", acting professor, candidate of philological sciences Caspian University of Technology and Engineering. Sh. Esenova, Aktau, Kazakhstan
Karimsakova Baktigul Abdimukhanovna
Department of «Kazakh Philology», acting associate professor, candidate of philological sciences, Caspian University of Technology and Engineering. Sh. Esenova, Aktau, Kazakhstan
THE IMAGE OF MAKHAMBET IN THE LYRICS OF POETS
Abstract. This article discusses the poetic works of many poets about the legendary Makhambet, whose life and work is of great value to our history, as a fiery fighter for the freedom of his native land and his people, and as a poet and famous akyn-improviser, who struck the listener with sharpness and passion , wisdom and humanity of the sounding word, which left a bright mark in the national culture. The art of Makhambet is a popular theme in poetry, and many poets dedicated poems to the hero, glorifying the heroism and spirit of the great poet. The courage and heroism of Makhambet is depicted in the works of poets. In their lyrical poems, they skillfully sang the image of the great poet and fighter through the rational use of the best artistic alternative images - images that show the height, intelligence, eloquence, sharpness, individuality, grandeur, depth of Makhambet's poetry.
Lyrics in the art of the artistic word is a special genre that leads the poet to the innermost feelings, to the abyss of subtle thoughts. The works in this genre are not limited only to the manifestation of the individuality of the individual, the reflection of the characteristics of each poet in cognition, feeling of the world. At the same time, they allow us to determine the epochal nature of the path of genre changes, growth, prosperity, decline of lyrics in the process of literary development as a whole.
The article is devoted to the problem of continuity of traditions in Kazakh poetry, including as a poetic tradition of the militant poet Makhambet Utemisuly, who has passed through the centuries and has reached our days. The manifestations of intertwining literary traditions in the national literature were considered.
Key words: Makhambet, poet, hero, historical figure, Kazakh poetry, valor, heroism, kazakh literature, continuity of traditions, zhyrau school, innovation, poetry, poet, national spirit.